“ҚР туризм саласын дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы”: Елдегі туризм мәселесі неге жыл сайын көтеріледі? 2023 жылы туризм саласын дамыту үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

Фото: ашық дереккөзден.
Өңдеген: Амина Темірханова

Туризм саласы – қазіргі таңда ғана емес жыл сайын əлем бойынша өзекті əрі дамып келе жатқан экономикадағы ең ірі салалардың бірі. Еліміздегі ахуалды мəселелердің бірі де осы туризм саласы деуге болады. Елбасының 2018 жылы Қазан айындағы Жолдауына сәйкес, ҚР туризм саласын дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы құрылған болатын. Бүгін де бағдарламаның жұмысы мен міндеті қаншалықты жоспарға сай орындалып жатқанын және ішкі туризм мәселелерін сараптап көрдім.

2025 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ жалпы көлемінде туризм саласының кем дегенде 8% үлесін қамтамасыз етуді мақсат еткен осы бір бағдарлама, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аңшылық, экологиялық, этнографиялық және агротуризмді дамыту шараларын жүзеге асыру негізінде әзірленді. Сондай-ақ, «5 институционалдық реформаны іске асыру» Ұлт жоспары жөніндегі 100 нақты қадам», атап айтқанда туристік кластерлерді құрудың табысты тәжірибесі бар стратегиялық басты инвесторларды тарту шеңберінде индустрияландыру және экономикалық даму бойынша институционалды реформаны іске асыру көзделді.

Бағдарламаны әзірлеу ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелсе, оны іске асыруға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен бөлек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісу бойынша), сондай-ақ облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері жауапкершілікті алды.

Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысында саланың негізгі проблемалары айқындалып, шешілуі тиіс басты міндеттер анықталды, олар:

● Туристік ресурстарды дамыту;
● Туристік дестинациялар мен объектілердің көліктік қолжетімділігін
қамтамасыз ету;
● Туристік өнімдердің және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен
қолжетімділігін арттыру;
● Қолайлы туристік ахуал құру;
● Ішкі және халықаралық нарықтарда елдің туристік әлеуетін ілгерілетудің
тиімді жүйесін қалыптастыру;
● Туристік саланы дамытуды басқару мен мониторингтеу жүйесін жетілдіру.

Бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 2020 – 2025 жылдары 11 578 млрд. теңге, нақтырақ айтқанда, республикалық бюджет – 9 565 млрд. теңге, жергілікті бюджет – 716 млрд. теңге, Дүниежүзілік банк – 13 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 1 284 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінетіні жоспарланған:

● 2020 ж. – 1 161 млрд. теңге
● 2021 ж. – 1 336 млрд. теңге
● 2022 ж. – 1 708 млрд. теңге
● 2023 ж. – 2 311 млрд. теңге
● 2024 ж. – 2 383 млрд. теңге
● 2025 ж. – 2 679 млрд. теңге

Бұдан бөлек, ҚР заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражат.

2023 жылғы бюджет және оның нәтижесі

Осыған дейін туризм саласын дамытуға 2019-2022 жж. жұмсалған қаражат пен оның нәтижесі жарияланған болатын: minber.kz

Ендігі кезекте 2023 жылғы есепті сараптап көрейік. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР-дағы орналастыру орындары, оның ішінде қонақүйлер, мотельдер, туристік орталықтар, кемпингтер және т.б. нысандар 3,1 млн.-ға жуық отандық және 515,9 мың келген туристке қызмет көрсетті. Орналастыру орындары қызмет көрсеткен отандық туристер саны былтырғымен салыстырғанда 15%, ал шетелден келген туристер саны 76,7% өсті.

Орналастыру орындары қызмет көрсеткен отандық келушілердің үштен екісі жеке мақсатпен саяхаттаса, қалған үштен бір бөлігі (1 млн-нан астамы) іскерлік және кәсіби мақсатпен саяхаттаған. Коронадағдарыстан бұрынғы көрсеткіштермен салыстырсақ, орналастыру орындары қызмет көрсеткен отандық туристер саны 1,5 есеге жуық, ал шетелдік туристер саны небәрі 11,9% өсті.

Инфографика: Амина Темірханова

Елімізге жеке мақсатпен келген және орналастыру орындары қызмет көрсеткен шетелдік туристер саны 249,3 мың адамды құрады, бұл 2022 жылғы қаңтар–маусыммен салыстырғанда бірден 2,6 есе көп. Бұл шетелдік туристердің жалпы санының 48,3%-ы, көрсеткіш бір жыл бұрын 32,4%-дан аз болған. Алайда, шетелдік туристердің, оның ішінде жеке мақсатпен саяхаттаушылардың келуіне Украинадағы соғысқа және Ресейдегі жұмылдырудан кейінгі қоныс аудару және себеп болды.

Қазақстанның шетелдік туристер үшін тартымдылығының төмендігі Жоғарғы аудиторлар палатасының «“Kazakh Tourism” ҰК» АҚ қазақстандық туризмді ілгерілету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға бөлген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізген аудитінде де көрсетілген. Тексеру нәтижелері Қазақстанның туризм саласының дамуына, сондай-ақ акционерлік қоғам қызметінің тиімділігіне әсер ететін белгілі бір жүйелік кемшіліктер мен бұзушылықтардың бар екенін көрсетті.

Саланың дамуын тежейтін негізгі себептердің бірі туристік қызмет көрсететін субъектілердің стандарттарды сақтауына мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі бақылаудың жоқтығы. Осыған байланысты көрсетілетін қызметтердің сапасы күткенге сай келмейді және шетелдік туристердің кетуіне әкеледі. Негізгі себептерге тиісті министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өңірлік үйлестірудің жоқтығы, атап айтқанда, «Туроператорлардың әрбір шетелдік туристке шығындарын субсидиялау» бабына бөлінген 54,7 млн теңгенің 5,8 млн теңгесі ғана игерілген.

Инфографика: Амина Темірханова
Инфографика: Амина Темірханова
Создайте подобный сайт на WordPress.com
Начало работы